Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады

Жаңалықтар Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады 2024 жылғы 16 мамыр     Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады <a href="https://t.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады
Yayın: 16 Mayıs 2024 SAĞLIK Google News

Жаңалықтар

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады

2024 жылғы 16 мамыр

 

 

 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев делегация басшыларына ілтипат білдіре отырып, Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының алғашқы кездесуі сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін, сондай-ақ оған қарсы тұруға қажетті шараларды әзірлейтін тиімді алаңға айналуы керек екенін атап өтті.

 

– Аймақтық ынтымақтастық барлық бағыт бойынша қарқынды дамуда. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – өте маңызды әрі оң үрдіс. Мемлекетаралық саяси диалог та мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Соңғы бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыздан астам артып, 10 миллиард доллардан асқан. Бұл ретте елдер арасындағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешіліп жатыр. Бизнес арасындағы байланыс күшейіп, бірлескен кәсіпорындардың саны арта түсті. Аймақтық ірі жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертеді. Көлік-логистика әлеуетінің еселенуі өңірдің қарқынды дамуы үшін берік негіз болады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар жанданып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, бұл процестер өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы нәтижелі диалогпен дәйектелуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие екенін айтты. Сондықтан оларға қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіру қажет.

– Бұл жерде, ең әуелі, халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ саудасына қарсы күрес туралы сөз болып отыр. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беруіміз керек. Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы процестер жүріп жатыр. Онда белгілі бір деңгейде тұрақтану, экономикалық жағдайдың жандану белгілері бар екенін мойындау қажет. Екінші жағынан, халықаралық террористік ұйымдардың белсенділігіне байланысты қауіп-қатердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұған Мәскеу облысында жұртты қанға бөктірген лаңкестік әрекет дәлел бола алады. Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Аталған жиын 9 тамызда Астанада өтеді. Сондай-ақ Қазақстан ұйымның биылғы төрағасы ретінде алдағы саммиттің әлеуетін нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

– Біз Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» стратегиясын әзірледік. Өңірлік тығыз қарым-қатынастың басымдықтары, ең алдымен, бесжақты ықпалдастықты кеңейтуге және Орталық Азияның халықаралық субъектілігін нығайтуға бағытталған. Бұл құжатты Астанадағы саммит барысында қабылдаудың өңір үшін концептуалды мәні зор болатынына сенімдімін. Елдеріміз арасындағы қатынастардың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта бекітілген. Бұл құжат стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді. Осы тарихи шартқа қол қою рәсімінің аяқталуы және оның күшіне енуі Астанадағы саммиттің басты нәтижесінің бірі болар еді деп санаймын. Біздің бесжақты форматты институционалдық тұрғыда одан әрі жетілдіру өзекті болып қала береді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев достық, тату көршілік және одақтастық рухындағы өңірлік ықпалдастықтың деңгейі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық тек өңір ішінде ғана шектеліп қалмайды.

– Шетелдік серіктестермен жан-жақты байланыстар жоспарлы түрде нығайып келеді. Өздеріңізге мәлім, әлемдік ойыншылар «Орталық Азия +» форматындағы белсенді ықпалдастыққа зор қызығушылық білдіріп отыр. Былтыр өткізілген кездесулердің (Орталық Азия – Еуропа Одағы, Орталық Азия – ҚХР, Орталық Азия – АҚШ, Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі, Орталық Азия – Германия) қорытындылары – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларды аймақтағы елдерді бір-біріне қарсы қоюға және оларды араздастыруға тырысушы бөгде күштерге бірлесіп қарсы тұруға шақырды.

– Біз мұндай тәсілдер мен әрекеттерге ашық қарсымыз. Бұған күмән болмасын. Жалпы, біздің елдеріміз арасында өзара оңтайлы шешім таба алмайтын мәселе жоқ және болмауға тиіс. Тек ортақ іс-қимыл синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне жол ашатынына сенімдімін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы су тасқыны кезінде бауырлас халықтардың тілеулестік танытып, көрсеткен көмегі үшін сіздердің елдеріңізге шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз және оны шынайы достықтың, тату көршіліктің және өзара қолдаудың айқын дәлелі ретінде қарастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесудің қорытындысы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Біз ахуалдың ынтымақтастықты дамыту және өзара сенім бағытына қарай түбегейлі өзгергенін ерекше атап өтеміз. Осыдан 10 жыл бұрын Орталық Азия өңірінде мұндай жағдай болған жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Экономикалық ведомстволарды басқаратын тұлғалардан бөлек, қазір мемлекеттер басшылары, үкіметтер мен күштік құрылымдардың жетекшілері, қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасайды. Бұл Орталық Азия аймағындағы жағдайдың орнықты даму бағытына түскенін көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

 

 

 

 

Жиынға Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қырғызстан Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Марат Иманкулов, Тәжікстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Насрулло Махмудзода, Өзбекстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов және Түрікменстанның Қазақстандағы елшілігінің әскери атташесі Аннамырат Ягмыров қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaev-ortalyk-aziya-elderi-kauipsizdik-kenesterinin-hatshylaryn-kabyldady-164174

 

 

 

Son Güncelleme: 16 Mayıs 2024